Атырау облысында алты «Келешек мектебі» салынып жатыр.
Атырау облысында алты «Келешек мектебі» салынып жатыр
Атырау облысында үш ауысымда оқытуды жою және білім беру сапасын арттыру мақсатында 2025 жылы алты «Келешек мектебінің» құрылысы жүргізілуде. Бұған дейін Ұлттық жоба аясында үш жаңа мектеп пайдалануға беріліп, қазіргі таңда тиімді жұмыс істеуде.
Заманауи талаптарға сай салынған бұл мектептер оқушыларға сапалы білім алып қана қоймай, жан-жақты дамуына, шығармашылық және ғылыми қабілеттерін жетілдіруге толық мүмкіндік беріп отыр.
Мәселен, Атырау қаласындағы Водников ықшам ауданында орналасқан №50 жалпы орта білім беретін 1200 орындық мектеп 2025 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылында аталған білім ордасында 1170 оқушы білім алып, табысты аяқтады. Қазіргі уақытта мектеп жанынан жазғы лагерь ашылып, балалар үшін танымдық әрі мазмұнды бағдарламалар ұйымдастырылуда.
Мектептің материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде:
• Зертханалық құралдармен жабдықталған кабинеттер,
• Робототехника мен зерттеу жұмыстарына арналған құрылғылар,
• Тігін және сурет шеберханалары,
• Екі толық жабдықталған спорт залы мен сыртқы спорт алаңдары,
• Инклюзивті білім беруге арналған арнайы кабинеттер.
Мектеп мұғалімдері мен оқушылары үшін қолайлы орта қалыптасқан. Пәндік үйірмелер, спорт секциялары, шығармашылық және кәсіптік бағдар беруге бағытталған шеберханалар белсенді жұмыс істейді. Спорт үйірмелерінің мүшелері ұлттық мектеп лигасы аясында өткен қалалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған.
Облыста салынып жатқан алты жаңа мектептің:
• Үшеуі – Атырау қаласында,
• Екеуі – Құрманғазы ауданының Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында (600 орындық),
• Біреуі – Құлсары қаласының Атырау шағын ауданында (1200 орындық) орналасқан.
Барлық мектептер бейнебақылау жүйелерімен, жедел басқару орталығына қосылған қауіпсіздік жүйелерімен қамтылған. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған кедергісіз орта қалыптастыру да басты назарда.
Атырау облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Жұмағазиева жаңа білім беру нысандарының маңыздылығын атап өтті:
«Келешек мектептері үш ауысымды оқыту мәселесін шешіп қана қоймай, шалғай ауылдардағы балалардың да сапалы әрі қолайлы ортада білім алуына жағдай жасайды. Бұл – өңірдегі білім беру сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам», – деді ол.
Жаңа форматтағы мектептер тек оқушылар үшін ғана емес, педагогтер үшін де кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. Бұл бастама өңірлік білім жүйесінің жаңғыруына және болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына берік негіз қалайды.
#келешекмектептері#атырау2025#Атыраубілімберубасқармасы




